, сентябрь 30, 2026

ЖИ жұмысты жылдамдатты. Қосымша ақша қайда?


ЖИ үнемдеген уақыт ақшаға айнала ма — осыны қалай тексеру керек: бизнеске арналған бес қадам және коммерциялық ұсыныстар мысалындағы шартты есеп.

  •   2 мин оқу
ЖИ жұмысты жылдамдатты. Қосымша ақша қайда?

Мазмұны

RD analytics дайындады

Үлгеруге қуат жетпей жоғалтатын тапсырыстарыңыз бар ма?

Жасанды интеллекті (ЖИ) енгізуді осы сұрақтан бастаған дұрыс. Жауап уақыт үнемдеу қай процесте кіріске айналатынын анықтауға көмектеседі.

Ramp (бизнестің шығынын басқару платформасы) мен Revelio Labs (еңбек нарығын талдау компаниясы) 21 мыңнан астам америкалық компанияның ЖИ-ге төлемдері мен қызметкер санын талдады.

Қызметкерге шаққанда ЖИ-ге ең көп жұмсаған компаниялар тобында енгізуден кейінгі алғашқы үш айда штат саны келесі екі жыл ішінде салыстыру тобымен салыстырғанда орта есеппен 10,2%-ға өсті. Салыстыру тобына енгізуді кейінірек бастаған компаниялар кірді. Шығыны аз топта штат санының статистикалық маңызды өзгерісі байқалмады.

Штаттың өсуі бизнестің кеңеюімен де сәйкес келеді. Дегенмен зерттеу компаниялардың дәл ЖИ арқылы үнемделген уақыт есебінен адам алғанын дәлелдемейді. Пайданың өскенін де растамайды.

Бизнес үшін практикалық сұрақ туындайды: ЖИ дәл сіздің компанияңызға ақша табуға көмектесіп жатқанын қалай тексеруге болады?

Коммерциялық ұсыныс дайындау процесін мысалға алайық.

1. Тапсырыс жоғалтудың себебін табыңыз

Клиенттер есеп күтіп жатып кетіп қала ма? Әлде ұсынысты жылдам алады да, баға, шарттар немесе сапа қанағаттандырмай ма?

Дайындауды жылдамдату сатылымға кешігу нақты кедергі болғанда ғана көмектеседі. Егер өтінімдер жауапкершілікті бөлу мәселесінен жауапсыз қалып жатса, алдымен өтінімдерді өңдеу процесін реттеу керек.

Кешігу сатылымға кедергі жасамаса, шығын үнемдеу мен сапаның артуын бағалаңыз. Тек жылдамдатудан қосымша кіріс пайда болмайды. Үнемделген сағаттар шығынды — мысалы, үстеме жұмысқа немесе мердігерлерге кететін ақшаны — қысқартқанда ғана нақты ақшалай үнемге айналады.

2. Бастапқы көрсеткіштерді белгілеңіз

Қанша өтінім түседі, қанша ұсыныс жіберіледі, дайындауға қанша уақыт кетеді және қанша клиент шарт жасайды?

Осы деректерсіз енгізуден кейін тек «ыңғайлы болды» деген әсер қалады. Коммерциялық нәтиже белгісіз болып шығады.

3. Эксперимент дайындап, оның құнын есептеңіз

Ағымдағы бағалар мен шарттарды жинайтын, үлгі дайындайтын, дұрыс жасалған бұрынғы ұсыныстарды іріктейтін және тексеру ережелерін анықтайтын жауапты адам керек.

Қызметкерді есептегі, мерзімдегі және клиентке берілген уәдедегі қателерді байқауға үйрету қажет. Мұның бәрі жұмыс уақытын алады — оны да эксперимент шығынына қосамыз.

4. Ақшаға дейінгі жолды қадағалаңыз

Жылдамырақ дайындады → көбірек ұсыныс жіберді → көбірек шарт жасалды → тапсырысты орындады → төлем алды.

Әр қадам тексеруді қажет ететін болжам ғана.

Компания жеткілікті сәйкес өтінім алып тұр делік, бірақ команда айына тек 40 ұсыныс дайындауға үлгереді және 10 шарт жасайды. Енгізуден кейін 60 ұсыныс жіберіледі. Конверсия 25% деңгейінде қалса, бұл 15 шартты, яғни бес қосымша шартты береді.

Есептеу конверсия өзгермейді деп болжайды. Іс жүзінде жылдамдатылған дайындау ұсыныс сапасын нашарлатса, конверсия төмендеуі мүмкін — мұны бөлек тексерген жөн.

Әр қосымша тапсырыс тікелей орындау шығынынан кейін 100 мың теңге әкеледі делік. Сонда 500 мың теңге шығады. ЖИ-ге және онымен жұмысқа кететін қосымша ай сайынғы шығын 150 мың теңге болса, іске қосу мен басқа бір реттік шығындарға дейін 350 мың теңге қалады.

Ал 60 ұсыныстың ішінен бұрынғыдай он шарт қана жасалса, қосымша табыс әзірге жоқ. Ұсыныс санының өсуі неге сатылымды жақсартпағанын анықтау қажет.

5. Енгізуді кеңейту қажет пе, шешіңіз

Сапаны, түзетулерді және орындаушылардың жүктемесін бағалаңыз. Сату циклі ұзақ болса, мәмілелердің аяқталуын күтіңіз. Нәтиже маусымдылықпен немесе клиент құрамының өзгеруімен түсіндірілмейтінін тексеріңіз.

Қосымша тапсырыстар ақша әкеле бастап, команда оларды орындауға үлгермей қалса, жаңа қызметкер алудың нақты негізі пайда болады.

Кідіріс клиенттерді жоғалтатын немесе артық шығын тудыратын бір процесті таңдаңыз. Үнемделген уақыт төленген тапсырысқа, шығынның азаюына немесе сападағы өлшенетін жақсаруға айналып жатқанын тексеріңіз. Нәтиже бойынша ЖИ-ге қаражатты қайда бағыттау керегін шешіңіз.

Дереккөз: Ramp және Revelio Labs — A New Look at AI's Impact on Jobs

Похожие материалы

↑