RD analytics дайындады
Телефонда — заманауи банк қосымшасы. Ал оның артында ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан жүйелер болуы мүмкін. Клиент жаңа интерфейсті көреді, бірақ оның операциялары 1959 жылы пайда болған COBOL бағдарламалау тілінде жазылған код арқылы өңделуі ықтимал.
OpenAI бағалауынша, COBOL онлайн-банкинг жүйелерінің 40%-дан астамында қолданылады, банк карталарымен жасалатын операциялардың 80%-ын және банкоматтардағы операциялардың 95%-ын қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіштер қаржы инфрақұрылымында әлі де маңызды рөл атқаратын ескі технологиялардың ауқымын көрсетеді.
Мұндай бағдарламалардың көбі мейнфреймдерде — үлкен көлемдегі транзакцияларды өңдеуге арналған қуатты компьютерлерде жұмыс істейді. Олардың айналасында есептеулерді жүргізетін, деректерді пакеттік режимде өңдейтін және басқа қосымшалармен ақпарат алмасатын күрделі жүйелер қалыптасты.
Осы негізге сүйеніп, заманауи сервистерді жасауға болады. Алайда өзгерістердің өзі есептеулер мен операцияларды өңдеу логикасына әсер етсе, ескі кодқа жүгінуге тура келеді.
Неліктен оны ауыстыру қиын?
COBOL қаржылық есептеулер жүргізіп, операциялардың үлкен көлемін өңдей алады. Мәселе компанияға жылдар бойы жинақталған жүйені елеулі түрде өзгерту қажет болғанда туындайды.
Мысалы, бұрыннан келе жатқан кредиттік өнімді алайық. Уақыт өте оның шарттары өзгерді, жекелеген келісімдерге ерекше талаптар енгізілді, ал оларды өңдеу ережелері бағдарлама кодында бекітіліп, дерекқордағы мәліметтермен байланыстырылды. Жүйені көшіру кезінде қай ережелер әлі де қажет екенін және олардың нәтижеге қалай әсер ететінін анықтау керек.
Миллиондаған жол кодты қайта жазу модернизацияның сәтті өткенін өздігінен дәлелдемейді. Жүйе пайыздарды дұрыс есептеп, төлемдерді өңдеп, басқа бағдарламалармен өзара әрекеттесуін сақтауы керек.
Сондықтан мұндай жобалар қымбат әрі тәуекелі жоғары болады. Жаңа интерфейсті клиентке тез ұсынуға болады. Ал есептеулердің негізінде жатқан жүйені жаңарту әлдеқайда терең жұмысты талап етеді.
OpenAI не істеді?
2026 жылғы 19 қазанда OpenAI Python немесе JavaScript тілдерімен салыстырғанда коды мен құжаттамасы аз бағдарламалау тілдерінде жасанды интеллект модельдерін тестілеу нәтижелерін жариялады.
Сынақтардың бірінде COBOL тілінде жазылған бағдарламаларды C++, Java, Kotlin, Python немесе Rust тілдеріне көшіріп, бастапқы бағдарламаның жұмыс тәртібін сақтау тексеріледі.
GPT-6.1 Sol модельі ойлау деңгейі төмен режимде тапсырмалардың 86,6%-ын сәтті орындады. GPT-5.6 Sol нәтижесі 5,4% болды. Ал ойлау деңгейі жоғары режимде GPT-6.1 Sol көрсеткіші 97,9%-ға жетті.
Тапсырма барлық жасырын тексеруден өткен жағдайда ғана орындалды деп есептелді: бағдарламаның бақыланатын шығыс деректері бастапқы нұсқамен байтқа дейін дәл сәйкес келуі керек болды.
Қаржылық бағдарламалар үшін мұндай дәлдік аса маңызды. Мысалы, COBOL ондық дәлдігі бекітілген сандармен жұмыс істегенде, арнайы дөңгелектеу ережесі көрсетілмесе, артық ондық таңбаларды алып тастауы мүмкін. Егер бағдарламаны көшіру кезінде бұл тәртіп өзгерсе, бағдарлама қатесіз іске қосылғанымен, қаржылық есептеулердің нәтижесі басқаша болуы ықтимал.
Екінші сынақ — MultiLangBench — 20 бағдарламалау тілінің әрқайсысында SQLite-пен үйлесімді дерекқор қозғалтқышын нөлден жасауды бағалайды. GPT-6 Astra моделінің орташа нәтижеcі тексерулердің 87,4%-ын құрады, ал GPT-5.6 Sol көрсеткіші 26,8% болды. COBOL тілінде GPT-6 Astra нәтижесі 10,9%-дан 72,1%-ға өсті. Дегенмен, ол тестідегі 20 тілдің ішіндегі ең күрделісі болып қалды.
Бұл екі сынақ әртүрлі қабілеттерді тексереді: біріншісі — бағдарламаларды басқа тілге көшіру кезінде бастапқы жұмыс тәртібін сақтау, екіншісі — жаңа бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау.
Бұл бизнес үшін нені өзгертеді?
ЖИ компанияларға күрделілігі жылдар бойы жинақталғандықтан жаңарту қиынға соғатын бағдарламаларды көшіруге көмектесе алады. Автоматтандыру тарихы ұзақ банктер үшін бұл негізгі жүйелерді біртіндеп жаңартуға мүмкіндік беруі ықтимал.
Алайда маңызды шектеу бар: нәтижелерді OpenAI компаниясының өзі жариялады. Компания MultiLangBench тест жинағын GitHub-та ашық ұсынды. Бірақ бұл сынақтың нәтижелерін қайта тексеру COBOL бағдарламаларын көшіру сапасының тәуелсіз бағаланғанын білдірмейді. Мұны анықтау үшін көшіруге арналған әдістеме мен тест материалдарының қолжетімділігін бөлек тексеру қажет.
Тіпті тестілердегі жоғары нәтиже нақты банктің барлық тәуелділіктерімен, ерекшеліктерімен және бизнес-ережелерімен дұрыс жұмыс істеуге кепілдік бермейді. OpenAI өндірістік жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, сарапшылардың тексеруі мен қосымша сынақтар жүргізу қажеттігін атап көрсетеді.
Ендігі негізгі сұрақ мынадай: ЖИ банкке ескі жүйені өзгертуге көмектесіп, сонымен бірге оның дұрыс жұмыс істеуін сақтай ала ма? Бұл сұрақтың жауабы кезекті қосымшаны әзірлеу жылдамдығынан әлдеқайда маңызды.
Дереккөз: OpenAI — Advancing Coding in Low-Resource Programming Languages, 2026 жылғы 19 қазан
Похожие материалы
Қазақстан Республика күні құтты болсын!
окт. 25, 2026
Директорлар кеңесіндегі ЖИ: технология корпоративтік басқаруды қалай өзгертеді
окт. 23, 2026
Дженсен Хуанг Қазақстанда: адами капитал мен ЖИ экономикасына басымдық
окт. 23, 2026