Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс бергеннен кейін, цифрландыру мен жасанды интеллект «адам игілігіне қызмет етуі тиіс» деп мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан цифрландырудың алғашқы кезеңін — мемлекеттік цифрлық қызметтер жүйесін құруды аяқтап, келесі кезеңге қадам басып отыр: енді технологиялар халықтың табыс табуына көмектесуі қажет.
Ақорда сайтында жарияланан Мемлекет басшысының тікелей сөзінде: «Смартфон — жай ғана ойыншық емес. Смартфон — тек тоқтаусыз TikTok қарап отыратын құрал да емес. Смартфон — ақша табудың құралы. Мәселені осылай қою керек», — делінген.
Қазақстандағы цифрландырудың бірінші кезеңі мемлекеттік қызметтердің 92%-дан астамын онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік берді, ал eGov.kz порталын пайдаланушылар саны 14–15 миллионнан асты. Дегенмен күн тәртібіндегі басты бетбұрыс — цифрландырудың жетістігі енді онлайн сервистердің санымен емес, әрбір адамға әкелетін нақты экономикалық пайдасымен өлшенбек.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді де ерекше атап өтті: оның сөзінше, технологиялар шаруаларға өз өңірінде, ауылдық жерде отырып-ақ кәсібін жүргізуге әрі дамытуға мүмкіндік беруге тиіс.
Смартфон тұтас экономикалық инфрақұрылымға — клиенттерге, төлемдерге, логистикаға, мемлекеттік қызметтерге, білімге, қаржыландыруға және жасанды интеллект құралдарына шығу нүктесіне айналып келеді. Ал ЖИ цифрлық кәсіпкерлікке кіру шегін едәуір төмендетуге қауқарлы.
Алайда бұл үшін жылдам интернет, цифрлық дағдылар, төлем және логистика инфрақұрылымы, шағын бизнестің маркетплейстер мен AI-құралдарға қолжетімділігі, сондай-ақ цифрлық экономикадағы ашық әрі түсінікті ойын ережелері қажет.
Егер «технология — адам игілігіне» қағидаты саясаттың өзегіне айналса, цифрландыру нәтижесі туралы түсініктің өзі өзгереді: бұдан былай табыс адамның осы технологиялардың көмегімен не істей алатынымен және қанша табыс таба алатынымен өлшенеді.