, ноябрь 06, 2026

Смартфоннан бастап ғасырлық уран қорына дейін: Қазақстанның халықтық цифрлық экономикасы қалай қалыптасады?


Қазақстандықтар қанша техника пайдаланады, ол бірнеше жылдан кейін не болды және смартфон, жөндеу, қайта өңдеу мен елдің уран резерві қалай байланысты? Халықтық цифрлық экономиканы талдау.

  •   3 мин оқу
Смартфоннан бастап ғасырлық уран қорына дейін: Қазақстанның халықтық цифрлық экономикасы қалай қалыптасады?

Мазмұны

RD media дайындады

«Әзірге сөзіміз істен көп». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағасы цифрландыру туралы әңгіменің негізгі өзегін айқындайды. Мәселе елде қанша цифрлық сервис барында немесе технологияға қанша қаражат салынғанында ғана емес. Ең бастысы — олардың адамдардың өмірі мен экономикаға нақты қандай өзгеріс әкелетіні.

28 қазандағы Жолдауында Президент жасанды интеллектіні дамыту мәселесін бір-бірінен алшақ көрінетін бірнеше бағытпен байланыстырды: азаматтардың табысы, кәсіпкерлікті қолдау, энергетика, жолдар, құрылыс және елдің стратегиялық ресурстармен қамтамасыз етілуі.

Мұның бәрінің астарында ортақ логика бар. Цифрлық технологиялар адамға бүгін табыс табуға көмектесуі керек. Ол үшін бизнеске нарық пен түсінікті ережелер, экономикаға инфрақұрылым мен энергия, ал елге алдағы бірнеше жылмен шектелмейтін, келер ұрпақтың да мүддесін ескеретін шешімдер қажет.

📱 Смартфон — табыс табудың құралы

Мемлекет атаулы әлеуметтік көмектің маңызын сақтай отырып, адамның өз еңбегімен табыс табуына мүмкіндік беретін жағдайларды кеңейтуі керек. Цифрлық платформалар арқылы тауар мен қызмет ұсынуға, тапсырыс табуға және төлем алуға болады. Смартфон күнделікті байланыс құралы ғана емес, жұмыс құралына айналуы тиіс.

2026 жылдың соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін әзірлеу тапсырылды. 2027 жылы бірқатар өңірде ауыл өндірушілерінің өнімін өткізуге көмектесетін пилоттық жобалар іске қосу жоспарланған.

Нәтиже қатысушылар санымен ғана емес, нақты сатылым, шығын және таза табыс арқылы бағалануы керек.

⚙️ Цифрлық экономикаға нақты инфрақұрылым қажет

Қазақстанда екі суперкомпьютер жұмыс істеп тұр, үшіншісін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Деректерді өңдеу орталықтары дамып келеді. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту аяқталды.

Алайда есептеу қуатының өзі экономикалық нәтиже бермейді. Ол мемлекет, бизнес және азаматтардың нақты міндеттерін шешуге қызмет етуі тиіс. Ал мұндай инфрақұрылымның жұмыс істеуі тұрақты электрмен жабдықтауға тікелей байланысты.

⚡ Энергия — өсудің шарты

Қазақстан жылына шамамен 123 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Президент Жолдауда бұл көлемді ел қажеттілігі мен жасанды интеллектіні дамыту тұрғысынан «апатты түрде жеткіліксіз» деп бағалап, 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу міндетін қойды.

2026 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2027 жылы 1,3 млрд кВт·сағ профицитке жету және 2029 жылдың соңына дейін 13,3 ГВт жаңа қуат енгізу болжамы айтылған еді. Оның ішінде 5,9 ГВт жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

Президент Қазақстанның болашақ атом электр станцияларын уранмен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру туралы ұсынысты да байыппен қарастыруды тапсырды. Бұл — әлі пысықталуы тиіс ұсыныс. Оның көздеген көкжиегі — тұтас бір ғасыр.

🛣️ Жолдар, құрылыс және өңірлердің байланысы

Цифрлық сервис өндірушіге басқа қаладан сатып алушы табуға көмектескенімен, тауарды бәрібір жеткізу қажет. Кәсіпорынға энергия, шикізат пен көлік қолжетімділігі керек, ал өңірлердің дамуы жол сапасына да байланысты.

Президент барлық автомобиль жолдарын, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды басқару мәселесін Үкімет деңгейінде, Көлік министрлігі арқылы үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ 2027 жылды Жаппай жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.

Құрылыстың құндылығы салынған нысандар санымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы — оның өндірісті дамытуға, шығындарды азайтуға және жаңа нарықтарға жол ашуға қаншалықты көмектесетіні.

🏢 Бизнеске жұмыс істеуге қолайлы жағдай қажет

Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге арналған кезекті үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Бұл әзірге қабылданған шешім емес. Сонымен қатар экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан шығаруды жалғастыру және шағын әрі орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуын кеңейту міндеттері белгіленді.

Цифрлық жұмыспен қамту үшін адамдарға қызмет көрсету, есеп айырысу және өз қызметін заңды түрде рәсімдеу ережелері түсінікті болуы керек.

💠 Токенизация және меншікке қатысу

Токенизация азаматтарға компаниялар мен түрлі активтердің үлескері болуға, ал кәсіпкерлерге капитал тартуға мүмкіндік бере алады.

Цифрлық жұмыспен қамту адамға еңбегі, тауары немесе қызметі үшін табыс табуға жол ашса, токенизация меншікке қатысу мен инвестиция тартудың басқа тетігін ұсынады.

👨‍👩‍👧‍👦 Келер ұрпаққа не қаламыз?

2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Президент қор қаражатын жинақтау мен жұмсаудың арасындағы тепе-теңдікті сақтап, әрбір жұмсалған теңгенің экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуын атап өтті.

Осылайша үш уақыт көкжиегі тоғысады: бүгін адамға табыс табуға мүмкіндік беру; алдағы жылдары экономикаға энергия, жол, цифрлық қуаттар мен бизнесті дамыту жағдайларын жасау; келер ұрпаққа заманауи инфрақұрылым, технологиялық құзыреттер мен сенімді ресурстық негіз қалдыру.

Халықтық цифрлық экономика адам өз еңбегімен табыс таба алатын жағдайдан басталады. Ал оның тұрақтылығы сол адамның айналасында ел қалыптастыратын ортаға байланысты: жұмыс істейтін инфрақұрылымға, қолжетімді энергияға, бәсекеге қабілетті өндіріске және келер ұрпақтың дамуына негіз болатын мүмкіндіктерге. Мұндай шешімдердің көкжиегі — алдағы бюджет кезеңімен шектелмейді. Ол ондаған жылды, ал болашақ атом электр станцияларын уранмен қамтамасыз ету мәселесінде тұтас бір ғасырды қамтиды.

Похожие материалы

↑