, ноябрь 04, 2026

Киберқауіпсіздік қалай өзгеріп жатыр: халықаралық тәжірибе және қазақстандық практика


QazCloud компаниясы Palo Alto Networks өкілдерімен қауіп-қатерлерді анықтау, инциденттерге ден қою, AI жүйелерін және өнеркәсіптік инфрақұрылымды қорғау тәсілдерін талқылады. Қазақстандық нарық талаптарымен үйлесетін халықаралық сараптама туралы материал.

  •   3 мин оқу
Киберқауіпсіздік қалай өзгеріп жатыр: халықаралық тәжірибе және қазақстандық практика

Мазмұны

Киберқауіпсіздік — кәсіби білім мен дағдылар тез ескіретін салалардың бірі. Шабуыл жасаушылардың құралдары жетілдіріліп, корпоративтік инфрақұрылым күрделене түсуде. Ал жасанды интеллект бизнеске де, киберқылмыскерлерге де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгін қол жеткізген қорғаныс деңгейін ертең-ақ қайта жетілдіру қажет болуы мүмкін.

Сондықтан киберқауіпсіздік саласындағы сараптамалық құзырет үздіксіз жұмысты талап етеді. Бұл — мамандарды оқыту, жаңа технологияларды меңгеру, шабуыл сценарийлерінің өзгеруін талдау және сала мамандарымен тәжірибе алмасу.

QazCloud компаниясының киберқауіпсіздік командасы дәл осы бағыттарға басымдық береді. Компания инциденттерді мониторингтеу және оларға ден қою, бұлттық және корпоративтік инфрақұрылымды қорғау салаларындағы практикалық құзыреттерін дамытып, жасанды интеллект пен өнеркәсіптік жүйелерге қатысты жаңа міндеттерді зерделеп келеді.

Практикамен дәлелденген кәсібилік

QazCloud компаниясының киберқауіпсіздік бағытының негізінде ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу, қауіп-қатерлерді анықтау, инциденттерді талдау және оларды оқшаулау жұмыстары жатыр. Бұл — тапсырыс берушілердің инфрақұрылымы мен жүйелерімен күнделікті жұмыс істеуді талап ететін, жоғары техникалық дайындықты, тәжірибені және мамандардың үйлесімді әрекетін қажет ететін процесс.

QazCloud командасының Palo Alto Networks өкілдерімен кездесуінде қауіп-қатерлерді анықтау және тексеру тәсілдері талқыланды. Palo Alto Networks өкілі көрсетілген нәтижелерге жоғары баға беріп, мониторинг орталығының жұмыс деңгейін атап өтті.

Сонымен қатар кәсіби талқылау барысында келесі маңызды кезеңге — инциденттерге ден қоюға ерекше назар аударылды. Қауіп анықталғаннан кейін жағдайды бағалау, инциденттің ауқымын айқындау, қауіпті оқшаулау, ықтимал зардаптарды барынша азайту және жүйелердің қалыпты жұмысын қалпына келтіру қажет.

Қауіпсіздік орталығы жұмысының тиімділігі осы кезеңдердің барлығының қаншалықты сапалы орындалатынына байланысты. Қауіпті жылдам анықтау тиісті талдаумен және мамандардың жүйелі әрекетімен қатар жүруі тиіс.

QazCloud үшін мұндай сараптамалық баға өз процестеріне сырт көзбен қарауға және одан әрі жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.

Сала көшбасшыларымен диалог арқылы даму

Қазіргі киберқауіпсіздік саласы тұрақты кәсіби тәжірибе алмасуды талап етеді. Palo Alto Networks компаниясымен өткен кездесу QazCloud мамандарына корпоративтік инфрақұрылымды қорғау, киберқауіптерді зерттеу және шабуылдарға ден қоюдың өзекті тәсілдерін талқылауға мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, қатысушылар Palo Alto Networks құрамындағы киберқауіптерді зерттеу және инциденттерге ден қою бағытында маманданған Unit 42 бөлімшесінің сараптамалық тәжірибесіне тоқталды. Қауіптерді талдаудың заманауи әдістерін талқылау мамандарға шабуылдардың жаңа сценарийлерін тереңірек түсінуге және өз тәсілдерін халықаралық индустрияның практикасымен салыстыруға мүмкіндік береді.

Бұл шабуылдардың барған сайын автоматтандырылып, осалдық туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап оны пайдалануға жасалатын әрекеттерге дейінгі уақыттың қысқаруы жағдайында ерекше өзекті. Мамандар қауіп-қатерлер ландшафтындағы өзгерістерді тұрақты бақылап, қорғаныс процестерін дер кезінде бейімдеп отыруы қажет.

Халықаралық технологиялық компаниялармен кәсіби диалог саланың өзекті үрдістерінен хабардар болуға және қорғаныстың жаңа құралдарымен танысуға көмектеседі.

Жаңа бағыттар: жасанды интеллект және өнеркәсіптік инфрақұрылым

Киберқауіпсіздіктің жаңа бағыттарының бірі — жасанды интеллект жүйелерін қорғау. Корпоративтік AI-қосымшалар мен автономды агенттер деректерге, ішкі жүйелерге және бизнес-процестерге қол жеткізе алады. Олар пайдаланушылардың атынан әрекет орындап, басқа бағдарламалық шешімдермен өзара байланысады.

Мұның өзі қосымша қауіп-қатерлер туындатады. Ұйымдар AI-агенттердің өкілеттіктерін бақылап, құпия ақпаратқа қолжетімділікті шектеп, олардың әрекеттерін қадағалап, жұмыс ортасын қорғауы қажет.

Кездесу барысында Palo Alto Networks компаниясының AI-жүйелерді қорғауға арналған Prisma AIRS платформасы да талқыланды. QazCloud үшін бұл бағыттың практикалық маңызы бар: компания өзінің AI-HUB шешімін және AI-агенттерге негізделген сервистер платформасын дамытып келеді. Бұл шешімдер кеңейген сайын модельдердің, деректердің және автономды бағдарламалық агенттердің әрекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті бола түседі.

Тағы бір перспективалы бағыт — өнеркәсіптік жабдықтар мен технологиялық процестерді басқаратын операциялық технологиялардың қауіпсіздігі (OT Security).

Өнеркәсіптік ортада киберинцидент өндірістің үздіксіздігіне, персоналдың қауіпсіздігіне және жабдықтардың жұмысына әсер етуі мүмкін. Мұндай жүйелердің өзіндік ерекшеліктері бар: бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту мен техникалық қызмет көрсету көбіне арнайы рәсімдерді талап етеді, ал жүйе жұмысының бұзылуы ақпараттық жүйелер шеңберінен әлдеқайда ауқымды зардаптарға әкелуі ықтимал.

QazCloud OT Security бағытын өз құзыреттерін дамытудың жаңа бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Бұл сегментте жұмыс істеу үшін арнайы білім мен өнеркәсіптік инфрақұрылымның ерекшеліктерін терең түсіну қажет.

Қазақстандық ерекшеліктерді ескеретін әлемдік тәжірибе

Киберқауіпсіздіктің әлемдік тәжірибесін жергілікті нарықтың ерекшеліктерін ескермей қолдану мүмкін емес.

Қазақстандық компаниялар үшін, әсіресе квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін, деректерді орналастыру, қолжетімділікті бақылау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері айрықша маңызды.

Бұлттық сервистер мен жасанды интеллект шешімдерін енгізу кезінде аталған мәселелердің өзектілігі арта түседі.

Деректер физикалық тұрғыдан қайда сақталады? Есептеулер қандай инфрақұрылымда орындалады? Ақпаратқа кімдердің қолжетімділігі бар? Деректер ел аумағынан тыс жерлерге беріле ме?

Бұл сұрақтардың жауабы технологиялық шешімді таңдауға ғана емес, тұтастай цифрлық инфрақұрылымның архитектурасына да әсер етеді.

QazCloud Қазақстан аумағында орналасқан инфрақұрылым негізінде бұлттық сервистер мен киберқауіпсіздік шешімдерін дамытып келеді. Сонымен қатар компания мультивендорлық тәсілді қолданады. Бұл тапсырыс берушілердің талаптары мен міндеттеріне сәйкес келетін технологияларды таңдауға мүмкіндік береді.

Халықаралық технологиялық сараптаманы қазақстандық талаптарды түсінумен ұштастыру заманауи қауіп-қатерлерді де, деректерді бақылау мәселелерін де ескеретін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Үздіксіз дамуды талап ететін сараптама

Киберқауіпсіздікте белгілі бір деңгейге бір рет қол жеткізіп, сол жерде тоқтап қалуға болмайды. Процестерді үнемі жетілдіріп, шабуылдардың жаңа сценарийлерін зерттеп, қорғаныс құралдарын меңгеріп, сала сарапшыларымен кәсіби диалогты жалғастыру қажет.

QazCloud қызметінде мониторинг пен инциденттерге ден қоюдың практикалық міндеттері, бұлттық инфрақұрылымды қорғауды дамыту және жасанды интеллект қауіпсіздігінен бастап өнеркәсіптік ортаға дейінгі жаңа бағыттарды игеру қатар жүзеге асырылуда.

Халықаралық технологиялық компаниялармен кәсіби тәжірибе алмасу командаға жаңа тәсілдермен танысуға және өз тәжірибесін әлемдік индустрияның дамуымен салыстырып отыруға көмектеседі.

Осылайша, практикалық жұмысқа, үздіксіз оқуға және киберқауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлеріне жауап беруге дайындыққа негізделген, нарықта сұранысқа ие сараптамалық құзырет қалыптасады.

Похожие материалы

↑